Гүлбану Майғарина New Vision Forum 2026 халықаралық форумында сөз сөйлейді
11–13 маусым аралығында Алматы қаласында әкімдіктің қолдауымен өтетін New Vision Forum 2026 халықаралық форумына «Атамекен» ҚР ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрайымы, Орталық Азия франчайзинг қауымдастығының (CAAF) президенті және Lanzhou жылдам тамақтану желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина қатысады.
Халықаралық форум экономика, технология, жасанды интеллект, көшбасшылық және кәсіпкерлікті дамыту салаларындағы өзекті мәселелерді талқылауға арналған. Іс-шараға әлемнің жетекші сарапшылары, бизнес өкілдері, инвесторлар мен мемлекеттік құрылымдардың басшылары жиналады.
12 маусым күні Гүлбану Майғарина форум аясында екі бірдей сессияда баяндама жасайды. Алғашқы кездесуі Республика сарайындағы Synergy Stage алаңында сағат 12:40-та өтеді. «8 жылда табысты food-бизнес құру жолы» тақырыбындағы сұхбат барысында ол қоғамдық тамақтану нарығында танымал қазақстандық брендтердің біріне айналған Lanzhou желісін қалыптастыру және дамыту тәжірибесімен бөліседі.
Сол күні сағат 14:10-да форумның негізгі алаңы – Vision Stage сахнасында Гүлбану Майғарина «Жаңа шынайылық жағдайында бейімделу және өсу» тақырыбындағы кейсін ұсынады. Баяндамада өзгермелі экономикалық жағдай, бәсекелестіктің күшеюі, кадрлық мәселелер және тұтынушылар талғамының өзгеруі жағдайында бизнесті дамытуға арналған нақты тәжірибелер мен тиімді шешімдер сөз болады.
Форум бағдарламасында әлемдік деңгейдегі танымал спикерлер де бар. Олардың қатарында Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэл Баррозу, цифрлық экономика сарапшысы Дон Тапскотт, Siri технологиясының бірлескен авторы Люк Джулия және әлемге әйгілі «Ерлер Марстан, әйелдер Шолпаннан» кітабының авторы Джон Грей бар.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, New Vision Forum 2026 өңірдегі ең ірі іскерлік платформалардың біріне айналып, болашақ экономикасы, инновациялар мен кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылайтын маңызды алаң болады.
Гүлбану Майғаринаның форум бағдарламасына қатысуы қазақстандық кәсіпкерлердің табысты тәжірибесіне деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Оның кәсіби жолы мен бизнес-кейстері отандық кәсіпкерліктің дамуына серпін беретін тәжірибе ретінде бағаланады.