Жаңалықтар

CAAF кәсіпкерлерді қолдау аясын кеңейтіп, жаңа жобаларды іске қосуда

Орталық Азия Франчайзинг қауымдастығы (CAAF) ынтымақтастық туралы екі меморандумға қол қойды. Жаңа жобалар білім беру франшизаларын дамытуға және әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға бағытталады.

Келісімдердің бірі Қазақстанның ұлттық мәдениеті, салт-дәстүрі мен тарихына негізделген бастауыш сыныптарға арналған білім беру әдістемесін франшиза ретінде дамыту бойынша бірлескен жұмысты көздейді. Жобаның авторы – №97 мектеп-гимназиясының директоры Замзагүл Қиянова. Алдағы уақытта бұл әдістемені жекеменшік мектептерге енгізу жоспарланып отыр.

«Бізде өзіміздің жинақталған біліміміз, тәжірибеміз және мықты идеяларымыз бар. Біздің міндетіміз – оларды дұрыс жүйелеп, тиімді жұмыс істейтін модель құруға көмектесу және әрі қарай ауқымын кеңейтуге мүмкіндік беру. Әсіресе жобаның негізінде ұлттық мәдениетіміз бен тарихымыз жатқан кезде бұл аса маңызды», – деді CAAF төрайымы, Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрайымы әрі «Атамекен» ҰКП Төралқасының мүшесі Гүлбану Майгарина.

Сонымен қатар CAAF Әлеуметтік кәсіпкерлер қауымдастығымен тағы бір меморандум жасасты. Тараптар өзара ынтымақтастық туралы келісімге келді. Сондай-ақ KazBrand байқауының жеңімпаздарының біріне қосымша орын қарастырылатын болады.

Бұдан бөлек, Гүлбану Майгарина Астанада Әлеуметтік кәсіпкерлер қауымдастығының мүшелеріне арналған бір күндік тегін тренинг өткізді. Оқыту бизнесті көрсеткіштер мен нақты сандар негізінде басқару, үдерістерді жүйелеу және компанияларды одан әрі өсуге дайындау тақырыптарына арналды.

Бұл ынтымақтастық CAAF-тың кәсіпкерлік жобаларды дамыту және олардың ауқымын кеңейтуге жағдай жасау бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасы болды.

Қосымша ақпарат алу үшін:

www.caaf.asia

Instagram: @franchise_asia