Жаңалықтар

Орталық Азияның бизнес көшбасшылары Oceanix Regatta алаңында жаңа даму мүмкіндіктерін талқылайды

15–16 маусым күндері халықаралық Oceanix Regatta бизнес-регатасы өтеді. Іс-шара Орталық Азия елдерінен келген кәсіпкерлерді, инвесторларды, компания басшыларын және іскерлік қауымдастық өкілдерін бір алаңға жинайды.

Регата барысында қатысушылар бизнесті дамыту, жобаларды ауқымдау, жаңа нарықтарға шығу, инвестиция тарту және қазіргі экономикалық өзгерістер жағдайында тиімді серіктестік орнату мәселелерін талқылайды.

Іс-шараға қатысатын спикерлердің қатарында ҚР «Атамекен» ҰКП Президиумы жанындағы Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрайымы, Орталық Азия франчайзинг қауымдастығының (CAAF) төрайымы әрі Lanzhou жылдам тамақтану желісінің негізін қалаушы Гүлбану Майғарина бар.

Гүлбану Майғарина өз сөзінде бизнесті дамыту мен ауқымдаудың практикалық тәжірибесімен бөлісіп, франчайзингтік желіні қалыптастыру, кәсіпкерлік құзыреттерді дамыту және бизнесті жаңа экономикалық жағдайларға бейімдеу жолдары туралы әңгімелейді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті қолдау тетіктері мен отандық брендтердің әлеуетін арттыруға бағытталған KazBrand ұлттық жобасының маңыздылығына тоқталады.

KazBrand бастамасы ішкі және халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті қазақстандық брендтерді анықтауға, қолдауға және ілгерілетуге бағытталған.

Бүгінде Oceanix Regatta кәсіпкерлер арасындағы ашық әрі нәтижелі диалог алаңы ретінде танылып отыр. Мұнда бейресми форматта табысты бизнес-кейстер, басқарудың заманауи тәсілдері, кәсіпкерлік экожүйені дамыту және жаңа мүмкіндіктерді іздеу мәселелері талқыланады.

Регатаға түрлі салада табысты жобаларды жүзеге асырып жүрген компания иелері, инвесторлар мен кәсіпкерлер қатысады. Іс-шараның арнайы қонағы ретінде Орталық Азиядағы ең ірі ойыншық өндіруші компанияның басшысы, Toybola брендінің негізін қалаушы Анвар Абдуқаюм шақырылған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Oceanix Regatta тәжірибе алмасуға, жаңа серіктестер табуға және ұзақ мерзімді іскерлік байланыстар орнатуға мүмкіндік беретін тиімді алаңға айналады.

Гүлбану Майғаринаның аталған іс-шараға қатысуы қазақстандық бизнес қауымдастығының өңірлік іскерлік кеңістіктегі белсенді рөлін айқындап, Орталық Азия елдері арасындағы кәсіпкерлік ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.

Қосымша ақпарат алу үшін:

www.caaf.asia

Instagram: @franchise_asia