KazBrand-2026-ға өтінім қабылдау жалғасуда: кәсіпкерлердің жобаға қосылуына әлі де мүмкіндік бар
Қазақстанда KazBrand-2026 байқауына өтінім қабылдау жалғасуда. Бұл – ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» мен Орталық Азия франчайзинг қауымдастығының (CAAF) отандық бизнесті дамытуға және оны жаңа деңгейге шығаруға бағытталған бірлескен жобасы. Байқауға қатысу тегін, ал өтінімдерді 2026 жылдың 1 тамызына дейін қабылдау жалғасады.
Жобаның негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге жергілікті бизнестен ұлттық бренд деңгейіне көтерілуге қолдау көрсету. Қатысушылар білім беру бағдарламасына, сарапшылардың сүйемелдеуіне, бизнес-диагностикаға, масштабтау құралдарына және компанияның әрі қарайғы даму стратегиясын әзірлеуге қол жеткізеді.
«Атамекен» ҚР ҰКП Шағын және орта бизнесті дамыту комитетінің төрағасы әрі Орталық Азия франчайзинг қауымдастығының (CAAF) басшысы Гүлбану Майгаринаның айтуынша, бүгінде Қазақстанда ұлттық брендке айналуға әлеуеті жоғары компаниялар жеткілікті.
«Біз кәсіпкерлер тарапынан бизнесті жүйелі дамытуға деген жоғары сұранысты көріп отырмыз. Сондықтан KazBrand – бұл жай ғана байқау емес. Бұл – компанияларға бизнесін жүйелеуге, масштабтауға және жаңа нарықтарға шығуға дайындалуға мүмкіндік беретін практикалық бағдарлама», – деді Гүлбану Майгарина.
Оның айтуынша, жобаға қатысу білім беру бағдарламасынан өтуді, практикалық тапсырмаларды орындауды және іріктеудің барлық кезеңдерінің талаптарын сақтауды көздейді. Алайда барлық қатысушылар бұл талаптарды толық орындамаған.
Осыған байланысты бағдарлама аясында SHOQ MEGA және MYRZA GROUP компанияларымен жасалған шарттық қатынастар тоқтатылды. CAAF мәліметінше, мұндай шешім бағдарлама талаптарының бірнеше рет бұзылуына байланысты қабылданды. Атап айтқанда, кезеңдерді орындау мерзімдерінің жүйелі түрде сақталмауы, қажетті материалдардың уақытылы ұсынылмауы және білім беру процесіне жеткіліксіз қатысу ескерілген.
Айта кету керек, KazBrand жобасы алғаш рет өткен жылы ұйымдастырылып, кәсіпкерлердің жүйелі дамуға деген жоғары қызығушылығын көрсетті. Жобаға еліміздің түкпір-түкпірінен 1100-ден астам кәсіпкер қатысып, 100 сағаттан астам оқыту және практикалық жұмыс өткізілді. Байқау қорытындысында төрт жеңімпаз өз бизнесі үшін дайын франшиза әзірледі.
Сонымен қатар, биыл Қазақстанның 16 қаласын қамтыған «Жергілікті брендтен ұлттық брендке қалай айналуға болады?» атты республикалық бизнес-тур ұйымдастырылды. Іс-шараға 1200-ден астам кәсіпкерқатысты.
KazBrand-2026 байқауының финалы 2026 жылғы 24 қыркүйекте Астана қаласында өтеді.
Өтінімді 2026 жылдың 1 тамызына дейінhttps://caaf.asia/kazbrand сайтында беруге болады. Сондай-ақ толық ақпаратты өңірлік кәсіпкерлер палаталарынан немесе 1432 байланыс орталығы арқылы алуға болады.