Жаңалықтар

KazBrand жобасы 2025 жылы бизнеске арналған ең үздік маркетингтік жоба деп танылды

Орталық Азия Франчайзинг Қауымдастығы «Атамекен» ҰКП және «Respublica» партиясының қолдауымен жүзеге асырған ұлттық KazBrand реалити-байқауы PR Room Awards-2025 байқауында «Бизнеске арналған ең үздік маркетингтік жоба» номинациясы бойынша марапатқа ие болды.

Осы жылы байқау көлемі ұлғайды – корпоративтік командалардан, креативтік агенттіктерден, пабликтерден шамамен 60 өтініш түсті. Қазылар алқасына Қазақстанның медиа және PR саласының мамандары кірді.

KazBrand франчайзинг арқылы бизнесін дамытуға ниетті кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Биыл жобада 1 100-ден астам өтініш қабылданды, бірақ финалға еліміздің әр аймағынан тек 33 қатысушы шықты. Байқаудың төрт жеңімпазы 7 млн теңгеден бастап құны бар франшизасын толықтай әзірлеу, жылдық қолдау, даму стратегиясы, франшизаны сату бойынша көмек, маркетингтік және құқықтық қолдау алды. Сондай-ақ бірнеше бренд арнайы номинациялар бойынша сыйлыққа ие болды: «Үздік идея», «Үздік өнім», «Үздік өзін-өзі таныстыру».

KazBrand жобасының PR Room Awards аясындағы мойындалуы Қазақстандағы шағын және орта бизнес дамуына арналған франчайзинг жобалары мен бастамаларына деген сұранысты растайды.

"KazBrand – бұл бизнесін масштабтауды және жергілікті брендтерді сәтті жобаларға айналдыруды қалайтын кәсіпкерлерге арналған платформа. Жобаның осындай мәртебелі номинацияда танылуы бізді қуантады, бұл команда мен байқау қатысушыларының еңбегінің маңызды мойындауы", - деді Франчайзинг Қауымдастығының төрайымы Гүлбану Майгарина.

PR Room Awards – 2023 жылдан бастап Қазақстанда жыл сайын ұйымдастырылатын тілшілер, PR-қызметтер мен фрилансерлерге арналған конкурс екенін атап өткен жөн. Жүлде жеңімпаздарын марапаттау рәсімі 2025 жылғы 5 желтоқсанда Астанада PR room ұйымының III Креативті индустриялар форумында «Шығармашылық өсу формуласы: жаңа индустриялар экожүйесі» тақырыбымен өтеді.
KazBrand жаңалықтары