Қазақстандық брендтер Нью-Йоркті бағындырды: бес франшиза ел атынан әлемдік аренада таныстырылды
2026 жылғы 29–30 мамыр күндері Нью-Йорк қаласында франчайзинг саласындағы әлемдегі ең ірі көрмелердің бірі – International Franchise Expo 2026 өтті. Бұл шара жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған кәсіпкерлерді, инвесторларды және бизнес өкілдерін біріктіреді.
Халықаралық алаңда Қазақстан атынан бес отандық бренд ұсынылды: Lanzhou, CROFF, VeneraPrint, «Жасыл Ферма» және Semey Korkem. Компаниялар өз өнімдерін, бизнес-модельдерін және франчайзингтік тұжырымдамаларын халықаралық кәсіби қауымдастыққа таныстырып, әлеуетті серіктестермен және инвесторлармен келіссөздер жүргізді.
Бизнес-миссияны франчайзингті дамыту, кәсіпкерлерді қолдау және Орталық Азия брендтерін шетелдік нарықтарға ілгерілету бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан Орталық Азия Франчайзинг Қауымдастығы (CAAF) ұйымдастырды.
Іс-шараның ерекшелігі Қазақстан мен Қырғызстанның кәсіби қауымдастықтарының күш біріктіруі болды. Жобаның серіктесі ретінде Сайкал Асылбекова жетекшілік ететін Қырғыз Франчайзерлер мен Франчайзи Қауымдастығы қатысты. Екі салалық бірлестіктің бірлескен жұмысы халықаралық алаңда жекелеген компанияларды ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің кәсіпкерлік әлеуетін таныстыруға мүмкіндік берді.
Іскерлік бағдарлама аясында делегация мүшелері халықаралық бизнес өкілдерімен, инвесторлармен және нарық сарапшыларымен кездесулер өткізді. Маңызды іс-шаралардың бірі АҚШ-та қызмет атқарып жүрген қазақстандық кәсіпкерлермен кездесу болды. Қатысушылар америкалық нарықта бизнес жүргізудің ерекшеліктерін, компанияларды ауқымды дамыту перспективаларын және болашақ ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Іскерлік бағдарламаны ұйымдастыруға Нью-Йорктегі Қазақстан Республикасының Бас консулдығы (Бас консул Рауан Тілеулиннің жетекшілігімен) және қазақстандық бизнесті шетелде ілгерілету бастамаларын қолдайтын «QazTrade» АҚ қолдау көрсетті.
ҚР ҰКП «Атамекен» ШОБ дамыту комитетінің төрайымы және CAAF басшысы Гүлбану Майғаринаның айтуынша, отандық компаниялардың халықаралық ірі салалық іс-шараларға қатысуы Қазақстандағы франчайзингтің одан әрі дамуы үшін маңызды қадам болды.
«Бірнеше жыл бұрын қазақстандық брендтердің осындай халықаралық көрмелерге қатысуы биік мақсат болып көрінетін. Бүгінде бұл – шындық. Біздің кәсіпкерлер шетелдік тәжірибені зерттеп қана қоймай, халықаралық қауымдастықтың қызығушылығын тудыратын өздерінің бизнес-модельдерін ұсынуда. Әсіресе бұл жұмысты Қырғызстандағы әріптестерімізбен бірлесіп жүргізуіміз құнды. Мұндай жобалар өңір ішіндегі іскерлік байланыстарды нығайтып, Орталық Азия брендтерін жаһандық нарықтарға ілгерілету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деп атап өтті Гүлбану Майғарина.
CAAF өкілдері мұндай бизнес-миссиялар кәсіпкерлерге халықаралық тәжірибе жинақтауға, іскерлік байланыстарын кеңейтуге, жаңа серіктестер табуға және бизнесті ауқымды дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер ашуға жағдай жасайтынын атап өтті.
Қазақстандық брендтердің International Franchise Expo 2026 көрмесіне қатысуы отандық франшизаларды халықаралық деңгейде ілгерілетудегі маңызды кезеңге айналып, Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан кәсіпкерлік жобаларға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.