Жаңалықтар

Орталық Азия Франчайзинг Қауымдастығы бір айдың ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен 12 филиал ашты

Бар болғаны бір ай ішінде Қазақстанның негізгі қалаларында франчайзинг бойынша құзырет орталығы ретінде жұмыс істейтін 12 филиал ашылды.

Жаңа филиалдар келесі қалаларда ашылды: Қызылорда, Қостанай, Қарағанды, Петропавл, Көкшетау, Павлодар, Атырау, Семей, Алматы, Ақтау, Шымкент, Ақтөбе.

2025 жылдың тамыз айынан бастап ОАФҚ «Атамекен» ҰКП және «Respublica» партиясының қолдауымен Қазақстанның 16 қаласында франчайзинг турын және ұлттық KazBrand реалити-байқауын өткізді. Қараша айында байқаудың финалы өтті. Бұл іс-шаралар өңірлік бизнестің жоғары әлеуетін және кәсіпкерлердің франчайзингті жергілікті деңгейде дамытуға деген ұмтылысын көрсетті.

«KazBrand ұлттық туры мен байқауынан кейін біз басты нәрсеге көз жеткіздік – өңірлерде үлкен әлеует бар, ал кәсіпкерлер франчайзингтік үлгілерді өз аймақтарында дамытуға дайын. Сол себепті елімізде франчайзингті дамытуға тірек болатын өкілдіктер желісін құру туралы шешім қабылданды», – деді ОАФҚ төрайымы Гүлбану Майғарина.

Әр филиал оқыту, кеңес беру, сараптамалық қолдау, жергілікті брендтерді дамыту және кәсіпкерлерді масштабтау процесінде сүйемелдеу алаңына айналады. Олар Қауымдастықтың білімін, тәжірибесін және құралдарын біріктіретін Өңірлік құзырет орталықтарының рөлін атқарады.

ОАФҚ Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында шағын және орта бизнесті қолдау стратегиясын жүзеге асыруды және франчайзинг мәдениетін кәсіпкерлер үшін тиімді даму құралы ретінде еліміз бойынша ілгерілетуді жалғастыруда.
KazBrand жаңалықтары