Жаңалықтар

KazBrand ұлттық реалити-конкурсының финалы: Алматыда елдің үздік брендтері таңдалды

Ұйымдастырушы — Орталық Азия Франчайзинг Ассоциациясы (ОАФА), қолдаушылары — «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және «Respublica» партиясы.

Байқау үлкен қызығушылық тудырды: барлығы 1100 қатысушы тіркелді, оның ішінде 330-ы алдын ала іріктеуден өтті, 80-і сауалнаманы тапсырды, ал финалға 33 үздік кәсіпкер іріктелді. Олар франчайзинг арқылы бизнесін кеңейтуді мақсат ететін елдің әртүрлі аймақтарынан келген қатысушылар.

Қазылар алқасы құрамына танымал кәсіпкерлер мен өз саласының сарапшылары, депутат және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері кірді. Қазылар алқасын «Атамекен» ҰКП-ның басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов басқарды.

ОАФА төрайымы Гүлбану Майғарина құттықтау сөз сөйлеп, байқаудың елдегі франчайзинг пен кәсіпкерлікті дамытудағы маңыздылығын атап өтті: «KazBrand жобасы — бұл жай байқау ғана емес. Бұл – сенетін, жасап шығаратын және ойын ережесін өзгертетін адамдардың жолы. Бүгін мұнда батыл, жүйелі, танымал қазақстандық бизнестің болашағын құрып жатқан адамдар жиналды».Ол Қазақстанда 2,3 миллионнан астам шағын және орта бизнес субъектілері бар екенін және шамамен 30 мың компания франшиза бойынша жұмыс істейтінін еске салды.

Оның сөзінше, франчайзинг — кәсіпкерлерге жылдамырақ әрі сенімдірек дамуға көмектесетін жол. «Байқаудың төрт жеңімпазы 7 миллион теңгеден басталатын франшизаны толықтай дайын күйінде беретін франшиза әзірлемесін, жылдық қолдауды, даму стратегиясын, франшизаны сатуға көмекті, маркетинг пен құқықтық қолдауды алады», — деді Гүлбану Майғарина.

Жобаның серіктестері бастаманы қолдап, KazBrand жаңа ұлттық брендтердің бастамасы болатынына сенім білдірді. ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Атамекен» басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов былай деді: «KazBrand реалити-конкурсының финалы Мемлекет басшысы айтқан басымдықтардың нақты көрінісі: кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру және ұлттық брендтердің өсуі. Ең үздіктер жеңсін!»

Қазақстан Республикасы Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясынан Айтуар Қошмамбетов былай қосты: «KazBrand сияқты ауқымды жобаны жасау және өткізу оңай шаруа емес. Бұл үлкен еңбек, отандық кәсіпкерлерге деген сенім және әрбіріне өзін көрсету мүмкіндігін беру ниетінен туындайды. Осындай бастамалар Қазақстан бизнесінің жаңа буынын қалыптастырады — еркін, жауапты және шығармашыл», — деп атап өтті депутат.

Финалисттер өз жобаларын «Өндіріс», «Ритейл», «Қызмет көрсету саласы» және «Қоғамдық тамақтану» категорияларында таныстырды. Әр қатысушы өз бизнес-моделін ұсынды, төрешілердің сұрақтарына жауап беріп, эксперттік баға алды.

Төрешілердің шешімімен жеңімпаз брендтер анықталды:

- «MYRZA BRAND» (Өндіріс категориясы);

- «Qorzhyn» (Ритейл);

- «SHOQ WEST» (Қоғамдық тамақтану);

- «Зайка балабақшалары» (Қызмет көрсету саласы).

Олардың иелері франшизаны толықтай дайын күйінде беретін франшиза әзірлеуіне және KazBrand командасынан жылдық қолдауға ие болды, ал арнайы номинациялардың лауреаттары Орталық Азия Франчайзинг Ассоциациясына тегін мүшелікке ие болды.

Арнайы номинациялардың иегерлері болып мыналар танылды: «Ең үздік идея» – MagicStick электроэпиляция студиясы, «Үздік өнім» – Arlan Design компаниясы және «Ең жақсы өзін-өзі таныстыру» – «Qasietti» шығармашылық орталығы мен PIZZA 500 TENGE.

Салтанатты аяқтай отырып, Гүлбану Майғарина қатысушылар мен серіктестерге үндеу жасады: «KazBrand – бұл жан дүниесі бар брендтердің дүниеге келетін ерекше алаңы. Өз идеяларына сенген, алға қойған мақсаттарына ұмтылған және басқаларды шабыттандырған әрбір адамға алғысымыз шексіз. Сіздің еңбегіңіз бен шығармашылығыңыз Қазақстанды жарқын әрі мықты етеді! Серіктестерімізге алғыс айтып, баршаңызға өркендеу, табыс пен сәттілік тілеймін!».

Іс-шара қатысушылары мен қонақтары реалити-конкурс тәжірибе алмасу және Қазақстанның үздік бизнес-идеяларын көрсетуге арналған ерекше алаңға айналғанын атап өтті. KazBrand финалы тек қорытынды шара емес, сонымен бірге Қазақстан кәсіпкерлігінің әлеуетіне сенім мен даму, жаңашылдықты біріктірген оқиға болды.
KazBrand жаңалықтары